Қалалық емханада медицина қызметкерлерінің құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесуі өтті. Рудный қаласының полиция басқармасы мен қалалық емхана арасында меморандум жобасы дайындалды.
Меморандум не үшін қажет?
- Денсаулық сақтау министрлігінің бірқатар бұйрықтарына сәйкес, біздің медициналық ұйым халықтың белгілі бір санаттарына - есірткіге, ішімдікке тәуелді адамдарға емделу үшін жағдай жасауға міндетті. Сондай-ақ емделуден бас тартқан туберкулезбен ауыратындарға. Ішімдіктен зардап шегіп, диспансерлік есепке кеш тұрған әйелдердің санаты бар. Есепте тұрған ата-аналар санаты да бар. Біз осы отбасыларға барып, олардың балаларын бақылаймыз. Бірақ медицина қызметкерлерінің осы санаттағы азаматтарды іздеуге мүмкіндігі үнемі бола бермейді. Меморандум бізге бұл істе полиция қызметкерлерінің көмек көрсетуіне - пациенттерді іздеуге, оларды тексеруге жеткізуге бағытталған, - деп түсіндірді «Рудный қалалық емханасы» КМК бас дәрігерінің орынбасары Жандос Рахметов.
Учаскелік терапевтер учаскелік полиция инспекторларымен байланыс мәліметтерімен алмасты.
Сондай-ақ, кездесу барысында полицейлер қатысушыларға интернет-алаяқтардың құрбаны болмау жолдарын еске салды.